Павлодар облысында қарасан індетінің пайда болуына малдардың бақылаусыз жайылуы себеп болған

Бұл туралы бүгін журналистерге ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіп кешеніндегі Мемлекеттік инспекция комитеті төрағасының орынбасары Ахметжан Сұлтанов айтты.
Оның айтуынша, зертханалық зерттеулердің нәтижесі малдардың қарасан індетімен ауырғанын және одан кейін адамдарға жұғу фактісін растаған. «Қазіргі күні бізде сараптаманың нәтижесі бар. Ол бойынша бұйрық дайындалды және Жолқұдық округіндегі Ребровка мен Қаракөл ауылдарынан тысқары жерлерде қарасан індетінің таралуына жол бермеу үшін барлық шаралар қабылданды», деді ол.
А. Сұлтановтың сөзіне қарағанда, Ребровка ауылындағы жеке шаруашылықтың қожайыны Жолқұдық ауылдық округінің әкіміне, ветеринарлық дәрігерге ескертпестен, өзінің ауласында мал сойған және оның етін ешқандай рұқсат қағазынсыз Ребровка және Қаракөл елді мекендерінің тұрғындарына таратқан. «Мал союға қатысқан және етті тамаққа пайдаланған барлығы 80-ге жуық адам дәрігерлердің қадағалауында. Қазіргі күнгі ақпарат бойынша, күйдіргі диагнозымен ауруханаға жатқызылған адамдардың саны жетеу, оның екеуі көз жұмған», деді ол.
Оның айтуынша, қарасан ауруы оқиғасының шығуына жергілікті атқарушы органдардың жұмысындағы кемшіліктер де ықпал еткен. «Егер аталмыш елді мекендерде мал ветеринарлық испекторлардың қадағалауымен ветеринария талаптарына сәйкес сойылған болса, онда мұндай жағдай орын алмаған болар еді. Әдетте, талап бойынша мал ветеринарлық дәрігердің қадағалауымен сойылады, яғни малды соймастан бұрын және сойғаннан кейін медициналық тексеру жүргізіледі. Осындай қадағалаудың және қорытындының негізінде ветеринарлық құжат беріледі. Аталмыш ауылдық округте бұндай жұмыс жолға қойылғанда, мұндай жағдай болмас еді. Павлодар облысы әкімдігінің және Мемлекеттік инспекция комитетінің келісімі бойынша, Жолқұдық округіндегі Алғабас ауылында мал соятын алаңның құрылысын салу жоспарланған болатын. Алайда, қазіргі уақытта мұндай алаң салынған жоқ. Ең жақын мал соятын алаң 50 шақырым жердегі Ақсу қаласында. Осы қиындықтар осындай ауыр салдарға әкеліп отыр», деді А. Сұлтанов.
Оның айтуынша, Мемлекеттік инспекция комитеті, Павлодар облысы әкімдігі және облыстық ветеринария қызметі қарасан індетінің одан әрі таралуына жол бермеу үшін тиісті шаралар қабылдады. Жолқұдық ауылдық округінің аумағында жайылған барлық малдарға ұйымдасқан түрде егу жұмыстары жүргізілген және ол малдар жіті қадағалауды. Егу жұмыстары жүргізілгеннен кейінгі соңғы екі күнде індетпен ауырудың қайталануы немесе күмән туғызатын жағдайлар тіркелмеген. «Қарасан індетінің шығуына бір ғана себеп бар: сиырлар өлген малдардың қалдықтары көмілген өрісте жайылған. Әдетте, мұндай ауру топырақ арқылы жұғады. Қарасан індеті топырақта 100 және одан да көп жыл сақталады. Мал ауруын тіркеу жөніндегі кадастр бойынша, Жолқұдық ауылдық округінде соңғы рет бұл ауру 1967 жылы тіркелген. Әрине, ол аумақта осы індеттің ошағы бар. Қуаңшылық, аптап ыстық топырақтан індеттің қоздырғышын сыртқы ортағы шағаруы мүмкін. Қазіргі күнде 5 мал осы індеттен өлді, олар толығымен алынып, өртелді», деді ол.