14:53, 06 Қыркүйек 2018 | GMT +5
Павлодар облысында колония қызметкеріне пара берген азамат сотталмақ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодар облысында сотталушыға заңсыз жолмен сәлем-сауқат өткізбек болған азамат ұсталды. Бұл туралы бүгін брифинг барысында ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Алмас Садубаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Павлодар облыстық ІІД Өзіндік қауіпсіздік басқармасы мен жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкерлері түзеу мекемесінің бақылау-өткізу бекетінде сотталушыға сәлем-сауқатты тексерусіз өткізіп беру үшін мекеме қызметкеріне пара берген келушіні ұстады», - деді ол.
Оның айтуынша, аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 367-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
«Еліміздің заңнамасына сәйкес, лауазымды тұлғаға пара бергені үшін бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауапкершілік қарастырылған», - деді Алмас Садубаев.