09:11, 01 Маусым 2010 | GMT +5
Павлодар облысында қуғын-сүргін құрбандары еске алынды
ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ. Маусымның 1-і. ҚазАқпарат /Вера Ливинцова/ - Дүйсенбі, мамырдың 31-і күні Ақсу қаласындағы (Павлодар облысы) саяси қуғын-сүргін құрбандарының ескерткішіне ГУЛАГ-тың бұрынғы тұтқындары, сондай-ақ күшпен қоныс аударылған ингуш, шешен, поляк, неміс ұлттарының өкілдері жиналды.
«Бұл кісілер көп нәрсені бастан кешірді, депортацияланды, туған-туыстарынан айрылды, аштықты бастан кешірді. Өз үйлерінен баспана берген, бір үзім нанмен бөліскен жергілікті халық оларды аман алып қалды. Қоныс аударылғандар мен олардың бүгінгі ұрпақтары үшін Қазақстан екінші отанға айналды», деп атап көрсетті қала әкімі Оразгелді Қайыргелдин өз сөзінде.
Павлодардағы Бұқар жырау атындағы Әдебиет және өнер мұражайында қуғын-сүргінге ұшыраған зиялы қауым өкілдері еске алынды. Сонау сұрапыл 37-шы жылдары қазақтың тамаша ақын-жазушылары, драматургтері опат болды. Мұражайға жиналған қауым ешқашан ұмытуға болмайтын тарихтың осынау ащы сабағы туралы айтты.