Павлодар облысында мыс байыту фабрикасы іске қосылды
Өндіріс ошағының жылдық қуаттылығы 500 мың байыту кенін және 26 мың тонна мыс флотоконцентратын құрайды. Инвестициялық жобаны жүзеге асыруға 2,7 млрд теңге жұмсалған. Өнім Қазақстанның қажеттілігін өтеумен қатар, сыртқы нарыққа да бағытталмақ.
Өңір басшысы бұл өндірістің негізгі басымдықтарының бірі оның «Аяқ-Қоджан» кен орнында орналасуы екенін айтты. Бұл кен тасымалдау шығындарын айтарлықтай азайтып, кен орнының экономикалық тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді. Биылғы қыркүйектен бері мұнда мыс шығару зауыты жұмыс істеп келсе, енді ҮИИД мемлекеттік бағдарламасы аясында мыс байыту фабрикасы іске қосылды.
Айта кетейік, Павлодар облысы Индустрияландыру бағдарламасының белсенді қатысушысы. Өңірде барлығы 87 жоба жүзеге асырылуда, оның 63-і сәтті жұмыс жасап, нәтижесін беруде. Мәселен, биыл Индустрияландыру картасы жобаларының өнімдері өнеркәсіп саласында 13,6 пайызды құрады. Осы бағдарламаның екінші бесжылдығы аясында 2020 жылға дейін инвестиция көлемі 1,1 трлн теңге болатын 19 жобаны іске қосып, 5 мыңға жуық жұмыс орнын ашу жоспарлануда.