Павлодар облысында тағы бір ауданда балабақшалар қазақ тіліне көшіріледі
Бұл туралы 2005 жылы ашылған аталған мектепке дейінгі мекеменің директоры Әсел Манабаева айтты.
«Былтырдан бастап бұл бағытта жұмыс жүргізіліп келеді. Балабақшадағы орыс тілді тәрбиешілер арнайы оқыту курстарынан өткен. Қазір орыс тілді топқа аптасына бір рет қазақ тілінен сабақ өткізіледі. Балабақша топтағы балалардың жас ерекшелігіне сай жиһаздармен қамтамасыз етілген. Әрі мұнда балақайлардың әртүрлі тапсырмаларды орындауы үшін толық жағдай жасалған. Қосымша ағылшын, тіл дамыту, сауат ашу секілді пәндер оқытылады. Ән-күй, дене тәрбиесімен айналысатын арнайы залдар жұмыс істеп тұр. Қазіргі уақытта мұнда әрқайсысында 25 баладан қазақ және орыс тілдерінде тәрбиелейтін екі топ жұмыс істейді. Олардың арасында әртүрлі этнос өкілдерінің балалары бар»,- дейді Әсел Манабаева.
Аудандық білім беру бөлімі тәрбие және оқыту бөлімінің әдіскері Салтанат Оразалинованың айтуынша, аудандағы алты балабақшадағы 1-6 жас аралығындағы балғындардың саны - 370. Сондай-ақ, 18 шағын орталық бар. Мектепке дейінгі мекемелерде білім беру жүйесінде 95 педагог-тәрбиеші еңбек етуде.
«2018 жылдың қыркүйек айынан бастап топтарда пилоттық режімде енгізілді. Ата-аналармен жиналыс өткізілді. Қазіргі таңда осы аралас балабақшадағы өзге ұлт өкілдері балаларының арасында жақсы нәтиже байқалып келеді», - дейді Салтанат Оразалинова.
Облыстық білім беру басқармасының мәліметіне сүйенсек, мектепке дейінгі білім беру жүйесінде 422 мектепке дейінгі ұйымның 175-сы - балабақша, 247-сы - шағын орталық. Қазақ тілінде оқытатын мектепке дейінгі ұйымдар саны өткен жылмен салыстырғанда 24 бірлікке артып, биылғы жылы 257-ге жеткен. Оның ішінде шағын орталықтар - 189, балабақшалар - 68. 2017 жылмен салыстырғанда қазақ тілінде тәрбиелейтін және оқытатын топтардың саны 102-ге көбейген. Облыс бойынша Баянауыл және Май аудандарында балабақшалар 100 пайыз мемлекеттік тілде білім беруге көшкен.
Еске сала кетейік, Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов осыдан екі жыл бұрын өңірдегі барлық балабақшаларға мемлекеттік тілдегі тәрбиені енгізуді ұсынған болатын.