Павлодар облысында заңсыз сатылатын пиротехникалық заттар тәркіленуде
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат -Павлодар облысында кәсіпкерлерден заңсыз сатылатын пиротехникалық заттарды тәркілеу басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.
Полицейлер әлеуметтік желілердегі пиротехникалық заттарды сатуға арналған хабарламаларға мониторинг жасауда.
Облыстық полиция департаментінің мәлімдеуінше, Екібастұзда пәтерде заңсыз пиротехникалық заттар сату фактісі анықталған.
- Әлеуметтік желілерді бақылау кезінде Инстаграмдағы аккаунттардың бірінде аталған заттарды сату жөніндегі жазба полицейлердің назарын аударды. Хабарламадағы нөмір арқылы байланысқанда сатушы 24 жастағы ер адам болып шықты, - деді ПД басшысының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров.
Пиротехникалық заттарды заңсыз сатқаны үшін ер адамға қатысты ҚРӘҚБК 196 бабы бойынша әкімшілік өндіру тағайындалып, 25 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.
Дәл осындай құқық бұзушылық Павлодар қаласы мен Павлодар ауданында да тіркелді. Ереже бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Полиция департаменті пиротехникаларды сату тек қауіпсіздік шараларының барлығы сақталған, рұқсат құжаттары бар арнайы дүкендерде рұқсат етілгенін ескертеді. Жаңа жыл қарсаңындағы күндерде базарлар мен дүкендерге әртүрлі пиротехникалық заттар түседі. Отты-шулы әсерлері бар картонды цилиндрлер ойыншық емес. Бірінші атылуы мен жарылуы адамды соқыр және саңырау қылуы мүмкін. Бұндай фейерверктер кейбіреулер үшін жақсылықпен аяқталған жоқ.
- Пиротехникаларды қолдану кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтау қажет. Алдымен жарамдылық уақытына назар аударған жөн. Қауіптілік деңгейі екіншіден аспауы тиіс. Пиротехниканы пайдаланар кезде қолдану ережесімен мұқият танысыңыз. Егер ракета жанбай қалса, қайта тұтатпау керек. Адамдардың қасында және ғимарат ішінде тұруға болмайды. Өтіп бара жатқан адамдар, жануарлар, құрылыстар, орман, құрғақ заттар маңына лақтыруға болмайды, - деді департаментте.
Айта кетейік, «Пиротехника» жедел-алдын алу шаралары 2021 жылдың 7 қаңтарына дейін жалғасады.