Павлодар облысында жеті жоба бойынша 600 адам жұмысқа орналасты

2016 жылы «Индустриялды-инновациялық даму» бағдарламасы бойынша облыста инвестиция көлемі 21,8 миллиард теңгені құрайды.
- Облыста жүзеге асатын жеті жобаның ішіне Екібастұздағы «Green Нouse kz» ЖШС жылыжай кешені, голландық «Каприци» сұрыпты қызанақ өсірумен айналысатын «Павлодар Жылыжай Кешені» ЖШС және Май ауданындағы антрацит көмірін өндіретін «Директ» ЖШС бар. Сонымен қатар, Лебяжі ауданында «Дәнекер» ШҚ картопты өңдеу, Павлодар ауданында күйдіргіш соданы қайта өңдейтін кішігірім зауыт пен кірпіш зауытын жаңғырту бойынша жобаларды іске асыру жоспарда бар, - деді облыстық индустриялды-инновация басқармасының басшысы Әлішер Әбдіқадыров.
Жалпы облыста инвестиция көлемі 1,2 триллион теңгені құрайтын 32 жоба іске асырылуда. Өткен жылы облысқа 443,2 миллиард теңге инвестиция тартылып, 1992 жұмыс орны ашылды. Негізгі жобалар Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларында шоғырланған.