Павлодар облысында жоғалып кеткен тәртіп сақшысы мен ауыл тұрғыны іздестірілуде

Бұл туралы бүгін Павлодар облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде «2016 жылы жазғы кезеңдегі судағы төтенше жағдайлардың алдын алу жұмыстары туралы» атты баспасөз жиынында облыстық ТЖД бастығы Әлібек Длимов мәлім етті.
- Ақтоғай ауданында жоғалып кеткен тәртіп сақшысы мен ауыл тұрғынына суда да, құрлықта да іздеу салынды. Әзірге қос азаматқа қатысты нақты қандай да бір ақпарат беру ерте. Іздестіру шаралары жүргізілуде, - деді Әлібек Длимов.
Айта кетерлігі, 2 маусым күні 35 жастағы Жәнібек Қасенов есімді учаскелік инспектор мен 43 жастағы Александр Дымов түнгі 23.00-ден кейін Ертіс өзеніне кеткен. Кейін өзен жағасынан олардың аударылған қайығы табылған. Әлібек Длимовтың айтуынша, биылғы жыл басынан бері алты адам суға кеткен. Олардың екеуі - бала.
Соңғы екі жылда адамдардың суға кету фактілері шомылуға тыйым салынған орындарда тіркелген. Статистикаға сүйенсек, суға кеткендердің 70 пайызы - мас күйінде шомылғандар.