Павлодар облысының 2015 жылғы нақтыланған бюджеті 112 млрд. теңгені құрады

Облыстағы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Талғат Шәріповтың мәліметінше, биылғы жылы республикалық бюджет шығындарының 22,7 млрд теңгеге оңтайландырылуына байланысты облыстық бюджетке түсетін трансферттер мен несиелер көлемі қысқартылды.
«Бұл қаражаттың 1,4 млрд. теңгесі балабақшаларға мемлекеттік тапсырысты жүзеге асыру жоспарланған болатын. 200 млн. колледждердің зертханалары мен шеберханаларын жаңартуға, ал 684 млн. медициналық ұйымдарды жабдықтауға жұмсалуы тиіс еді. Сонымен қатар 1,7 млрд. теңге шағын қалаларды абаттандыруға, ал 748 млн. теңге «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша ауыл кәсіпкерлерін несиелендіруге жұмсалуы қажет болатын. Өңірдегі бюджеттік ұйымдардың қызметкерлеріне жалақыны арттыру мерзімін 2016 жылға шегерудің арқасында 230 млн. теңге үнемделді», - дейді Т. Шәріпов.
Басқарма басшысының айтуынша, Павлодар облысының бюджетіне «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясат шеңберінде республиканың ұлттық қорынан 6,4 млрд. теңге аударылмақ. 240 млн. теңге Ақсу қаласындағы 280 орынға шақталған балабақша құрылысына, 1,6 млрд. теңге Павлодар қаласында тұрғын үй саласын дамытуға, 3,2 млрд. теңге Екібастұз қаласындағы жылу және сумен қамтамасыз етуге жұмсалмақ. 781,9 млн. теңге аймақтағы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына мемлекеттік тапсырысқа бағытталса, 600 млн. теңге мал шаруашылығын дамытуға бөлінбек.
«Енгізілген өзгерістерді есептегенде 2015 жылғы нақтыланған бюджеті 112 млрд. теңгені құрады. Олардың қатарында республикалық бюджеттен облыстық бюджетке түсетін мақсатты трансферттер мен несиелер 44,5 млрд теңгеге тең», - деп сөзін түйіндеді Т. Шәріпов.