Павлодар облысының 4 тұрғыны шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланған
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Павлодар облысының полицейлері «Мигрант» жедел-алдын алу іс-шарасын өткізу барысында шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланудың төрт дерегін анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
«Мысалы, 2021 жылғы 1 ақпанда полиция қызметкерлері Павлодар ауданының ауылдарының бірінде еңбек шартын жасамай заңсыз еңбек етіп жүрген Ресей Федерациясының 34 жастағы азаматын анықтады. Аталған ресейлік азаматқа қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабының 5-бөлігіне сәйкес 25 АЕК мөлшерінде айыппұл салынып, әкімшілік хаттама толтырылды. Сондай-ақ, жұмыс беруші де жауапкершілікке тартылды, оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 519-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалды. 38 жастағы павлодарлық азамат 2020 жылғы 15 қаңтардан бастап өзімен бірге жүрген шетелдік азамат туралы дер кезінде хабарламаған, еш жерде тіркемеген», – деді Павлодар облысы Полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасы бастығының орынбасары Қазбек Ахметов.
Айта кету керек, «Мигрант» жедел алдын алу іс-шарасы кезінде шетелдіктердің Қазақстан Республикасында болуының белгіленген ережелерін сақтамағаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 518-бабы бойынша Қазақстан Республикасының 80 азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.