Павлодар облысының әкімдігіне құрылысқа бақылауды күшейту ұсынылды

АСТАНА. 6 қараша. ҚазАқпарат - Павлодар облысы әкімдігінде құрылыс сапасы және жаңа технологияларды енгізу туралы өткен кеңесте жергілікті жол торабының мәселелері, Көлік және коммуникация министрлігінің республикалық бюджеттен қосымша мақсатты трансферт ретінде бөлінген ақшаға салынған автожолдарды тексеру нәтижесінде анықталған ескертулер, сонымен бірге құрылыс барысында өндіріс қалдықтарын қолдану мәселелері талқыланды. Бұл туралы ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.
None
None

Кездесу барысында Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиев министрліктің республикалық жолдарда қолдана бастаған автожолдар саласындағы жаңа технологиялар туралы айтып, жергілікті билікке осы тәжірибені пайдалануға ұсыныс жасады.

Айталық, Павлодар облысындағы ірі көлемде жинақталған өндіріс қалдықтарын (қож, күл және т.б.) ескере отырып, оларды цементпен және басқа да тұтқыр заттектермен нығайтып, автожолдарды салған кезде жұмыс құнын 50 %-ға дейін арзандатып қолдану мүмкіндігі атап өтілді.

Кеңесте министр өңірдегі жолдарды салуда жергілікті билік тарапынан қаржыландыруды ұлғайту қажеттілігіне, сонымен бірге жасалып жатқан жұмыстардың сапасына баса назар аударды.

Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Замир Сағынов атап өткендей, Көлік және коммуникация министрлігі ұйымдастырған Комиссияның ескертулерін тез арада жойылғанына қарамастан, республикалық бюджет қаражатына салынған жергілікті жолдарды тексеру барысында құрылысқа жауапты бірде-бір инженер жазаланған жоқ. Сағыновтың айтуынша, «сапасы төмен жолды қабылдаған инженер қара тізімге енгізіліп, бұдан былай құрылысқа бақылау жасау құқығы болмауы тиіс».

Сонымен бірге Асқар Жұмағалиев әкімдікке жергілікті автожолдарды салудағы бақылау жүйесін өзгертуді, Көлік және коммуникация министрлігі мысалы ретінде, инженерлер-кеңесшілер халықааралық ассоциациясы әзірлеген және әлемнің 80 елінде қолданылатын ФИДИК стандарттарын енгізуді ұсынды.

Кеңес барысында Көлік және коммуникация министрлігіне де ұсыныстар жасалды. Атап айтқанда, жол құрылысында пайдаланылатын материалдарды машиналарға шамадан артық тиелгені үшін тасымалдаушылардың төлеп жатқан айыппұлдары мәселесі көтерілді.

Жұмағалиев: «Тасымалдаушылардың шамадан артық жүк тиегені үшін жазаланудан құтылатын тек қана екі мүмкіндігі бар: жүкті бөлу және түсіру мүмкіндігі болса тіркеме пайдалану, ал егерде жүк бөлінбейтін болса, жол жабындыларына зиян келтіргені үшін ақыны алдын ала төлеп, арнайы рұқсат қағазын алуға болады. Біз бір қолымызбен салып, екінші қолымызбен бұза алмаймыз, барлығына да ережелер ортақ, - деп түсіндіре келе, - қазіргі кезде республикада қозғалыстағы автокөлікті өлшейтін 13 электрондық таразы орнатылған, алдағы уақытта олардың саны 80-ге дейін жеткізіледі», - деп тұжырымдады министр.

Соңғы жаңалықтар