Павлодар облысының әкімі игерілмей жатқан жер телімдерін халыққа қайтаруды ұсынды

Ең бірінші болып Качир ауданының басшысы Шұғаев Жанат пен ауылдық округтердің әкімдері есеп берді, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Жиналыстың алдында аймақ басшысы бұған дейін талай мәрте игерілмей жатқан жер телімдерін анықтап, олардың қожайындарын нақты жұмыс істеуге шақыру керектігі туралы ескерткенін айтты. Пайдалануға алған жерді өңдемеген шаруалар жер учаскесін қайтаруы тиіс немесе оларға қарсы жоғарылатылған салық мөлшерлемесі бойынша шара қолдану қажет. - Қолданыстағы жер экономиканы дамытуға бағытталуы тиіс, - деді облыс әкімі. Бұл, ең алдымен, аудан әкімінің, жер қатынастары бөлімі басшысының, ауылдық округтер әкімдерінің жұмысы. Соңғы мәліметтер бойынша Качир ауданындағы жер қоры 134 мың гектарды құрайды. Болат Бақауов бұл жерлерді мұқият зерттеп, кәдеге жарайтын учаскелерді шаруаларға шабындыққа немесе мал жайылымына беруді тапсырды. Аудан бойынша пайдаланылмай жатқан жердің көлемі - 10 мың гектар. Олардың басым бөлігі суармалы егіншілікпен айналысу үшін аса қолайлы. Мұндай жер учаскелері Байқоныс ауылдық округінде бар. Ол жерлерді өңдеу үшін алдымен су құбырын тарту қажет.
Аймақ басшысы атап өткендей, аудан үшін су мәселесі аса маңызды болғандықтан оны шешу үшін бар күшті жұмсау керек. - Ауылдық округтердегі жерлерді пайдалануға беруде шектеу қойылуы қажет, - деп атап өтті әкім. Мұндай жер учаскелерін ауыл тұрғындарына қолдануға беру керек. Мүмкіндігінше ол жерлерге көп жылдық шөптер өсірген дұрыс. Бұрынғы кездегі ауылдық округтерді шалғындандыру бағдарламасына оралу керек. Жалпы алғанда Качир ауданында ауыл шаруашылығы жерлері игеріліп жатыр.
Аймақ басшысы ауданға жасайтын жұмыс сапары кезінде бұл мәселе бойынша тексеріс жүргізетінін қадап айтты.