Павлодар облысының әкімі ірі өндіріс кешендері және кәсіпорын басшыларымен кездесті
Кездесу барысында Қанат Бозымбаев Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың ел экономикасы өсімінің төмендеуіне жол бермеу жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында 2015 жылға өнеркәсіптік кәсіпорындарды қолдау жоспарын әзірлеу қажеттілігін еске салды.
«Осыларды ескере отырып, бізге еңбек өнімділігін арттыру, кәсіпорындарды жаңғырту, бәсекеге қабілетті өнімдер шығару және оны сатып өткізу стратегиясын құру қажет», - деп атап өтті облыс әкімі.
2015 жылға өнеркәсіптік кәсіпорындарды қолдау іс-шараларын талқылай келе, ұсыныстар тізбесі белгіленді. Мәселен, «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС басшылығы шикізатты өңдеу орны бойынша заңды тұлғаларды тіркеу ұсынысын жеткізді, ал «Қазақстан алюминийі» АҚ боксит пен алюминий сазын ҚР аумағы бойынша темір жол арқылы тасымалдауды 2014 жылғы бекітілген жеңілдік бойынша қалдыру туралы ұсынысын айтты.
«KSP Steel» ЖШС басшылығы қара металл өнімдерін экспорттауға 2015 жылдың маусым айына дейін шектеу қоюды қалдырып, елдің қара металл өнімдерін тұтынатын ірі кәсіпорындарымен («ҚТЖ» ҰК» АҚ, «KEGOC» АҚ, «ҚазТрансОйл» АҚ және т.б.) ұзақ мерзімді келісімшарттарға отыру туралы ұсынысын жеткізді.
Сонымен қатар, кездесу барысында «Каустик» АҚ-тың «Казақстан даму банкі» АҚ алдындағы қарызын долларлық валютадан теңгеге ауыстыруды жеделдету туралы ұсынысы айтылды. Сондай-ақ, біздің өндіріс кешендері шығаратын өнімдерді еліміздің өзге ірі кәсіпорындарына жеткізу жөнінде ұзақ мерзімді келісімшарттарға отыру туралы пікір ортаға салынды.