Павлодар облысының әкімі Қ. Бозымбаев аймақ ардагерлерімен кездесті

Қ. Бозымбаев ардагерлерді келе жатқан Жаңа жыл мейрамымен құттықтап, алдыңғы толқын ағаларға зор денсаулық пен бақ-береке тіледі. Облыс әкімі өз сөзінде «Мен әрдайым өмірлік тәжірибесі мол ағаларымыздың ақыл-кеңесіне жүгінуге дайынмын. Сіздердің ағалық қолдауларыңызға сенім артамын», деді.
«Біздің жарқын жүздесуімізге жиналған еңбек ардагерлері ел басқару, өндіріс кешендері, құрылыс пен теміржол саласы және қоғамның түрлі салаларында белсенді де қажырлы еңбек еткен көшелі жандар екенін жақсы білемін. Сіздер - Павлодар облысы қалыптасып дамуының куәгерлерісіздер. Сондықтан да мен өңір үшін маңызды көптеген мәселелер бойынша Сіздермен ақылдасатын боламын. Сонымен қатар кадр саясатына қатысты да Сіздердің пікірлеріңізді ескеретін боламын», - деді аймақ басшысы.
Өз кезегінде ардақты ардагерлер аймақ басшысына жылы лебіздерін білдіріп, жауапкершілік жүгі ауыр қызметте ақ жол тіледі.
Кездесуге қатысқан ардагерлер қатарында аймақтың бірінші басшыларының бірі болған Борис Исаев, Құрметті теміржолшы, Павлодар теміржол бөлімшесінің бұрынғы басшысы Әби Сарқыншақов, облыстың білім беру, денсаулық сақтау мен мәдениет саласының өрісті дамуына өзіндік үлес қосқан Валентина Шершнева, ішкі істер органының ардагері, генерал Темірхан Дуабеков, Павлодар облысының Құрметті азаматтары Евгений Азаров, Сапарбек Беркетов, Минир Галеев, Борис Веселовтар болды. Олардың есімдері өндірісті Павлодар өңірінің дамуымен тығыз байланысты.