Павлодар облысының әкімі облыс тұрғындарын жаңа жылмен құттықтады

«Құрметті облыс тұрғындары! Сіздерді шын жүректен Жаңа 2016 жылмен құттықтаймын!
Жаңа Жыл - қашанда әр адамның жүрегіне жаңа үміттер ұялатып, асқақ армандарға жетелеп, ғажап қиялдарға қол создыратын ең сүйікті мерекеміз. Барша адамзат бұл күні өткенді ой елегінен өткізіп, Жаңа Жылға таза ниетпен, нық сеніммен қадам басқысы келеді.
Өткен жыл еліміз үшін жағымды жаңалықтарға, дүбірлі мерекелерге толы болды. Бірлігі мен ынтымағы жарасқан халқымыз бір атаның баласындай бірігіп, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы, Ата Заңымыздың 20 жылдығы мен Қазақ хандығының 550 жылдық мерекелерін ел болып тойлады.
«Қуанышты бөліссе молая түседі» демекші, осынау дүбірлі мерекелерде Павлодар облысында айтулы даталарға орай талай маңызды іс-шаралар атқарылды.
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауында еліміздің ширек ғасырға жуық уақыт ішінде жеткен жетістіктері мен табыстарын саралай келіп, Қазақстан халқы қазіргі кезедегі жаһандық сын-қатерлерге төтеп беріп, ел бірлігінің арқасында ғана көлденеңнен киліккен қиындықтарды жеңіп Мәңгілік Ел мұратына қадам басады деп атап көрсетті.
Елбасы әлемді жаулаған дағдарысқа қарсы және құрылымдық жаңарулардың бес бағытын анықтап, еліміздің болашақтағы саяси ұстанымын айқындап, әлеуметтік дамуын нақты көрсетті.
Елбасының көреген саясатының арқасында пайда болған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыруда Павлодар облысының тұрғындарының еңбегі орасан. Бизнеске инвестициялар тартуды жүзеге асыру көрсеткіші бойынша біздің өңіріміз республика көлемінде бірінші орында тұр.
Біздің жеткен табыстарымыздың бәрі де киелі Ертіс-Баян өңірін қоныс еткен білікті де білімді, қажырлы да қайратты азаматтардың еңбегінің арқасында келді.
Қадірлі жерлестер! Егемен еліміздің тәуелсіз тарихының 25 жылдығына жол тартқан 2016 жыл Сіздердің шаңырақтарыңызға тек қана жақсылығын ала келсін. Еліміз бай-бақуатты, халқымыздың бірлігі бекем болғай.
Отбасыларыңызға береке, дендеріңізге саулық, бастарыңызға бақыт тілеймін!», - делінген облыс әкімінің құттықтауында.