08:55, 05 Ақпан 2009 | GMT +5
Павлодар облысының әкімі теңгені долларға алыпсатарлық ставкалармен айырбастамауға кеңес берді
ПАВЛОДАР. Ақпанның 5-і. ҚазАқпарат /Вера Ливинцова/ - Павлодар облысының әкімі Бақытжан Сағынтаев кеше кешке облыс орталығындағы дүкендер мен валюта айырбастау қосындарын аралады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Валюта айырбастау қосындарында шетелдік валютаға деген тапшылық болмағанымен, долларға, еуроға және ресей рубліне деген ортақ шкала да жоқ болып шықты. Бір қосында доллар бағамы 165 теңге шамасында болса, екіншілерінде бағам одан жоғары болған. Еуро 190-210 теңге аралығында бағаланып отыр. Ал ресей рублінің сатылу бағасы - 4,9 -5,5 теңгенің арасында. Бірақ барлық қосынның сатушылары валютаның «кешегі» бағамын - долларды 125-126 теңгемен, еуроны ? 160 теңгемен, ал рубльді -3,6 теңгемен сатып алатындарын жазып қойыпты. Азық-түлік дүкендеріне де асыққан ешкім көрінбейді, өнеркәсіптік тауарлар да ескі бағаларымен тұр. Халықтың арасында ешқандай дүрлігу байқалмайды. Бірақ мамандандырылған салондардың кәсіпкерлері облыс басшысына тұрмыстық техниканың бағасын 5-7 пайызға көтеретіндерін айтып отыр, электроника 25 пайызға қымбаттайды. Бақытжан Сағынтаев, ұлттық валютаны девальвациялау - заңды үдеріс деп санайды. Теңге бағамының төмендеуінен экспорттаушы-кәсіпорындар көп пайда көретін болады. Олардың өнімдері бәсекеге қабілетті, ал өндірістер - рентабельді болады. Облыс әкімі халыққа шетелдік валютаны алыпсатарлық бағамен сатып алуға асықпауға, айырбас бағамының нақты орныққанын күтуге кеңес берді. Айырбастау қосындары атқарушы органдардың бақылауында болатынын, ақша рыногының ережесін бұзушылар лицензияларынан айрылып қалуы мүмкін екенін айтты. Кеше павлодарлықтар облыс басшысының аузынан жақсы хабар естіді. Жылдың соңына дейін коммуналдық тарифтер тұрақты болып қалады ? олардың өсуін жарияланып отырған мораторий тоқтатады.