Павлодар облысының Қызылжар ауылындағы құс фабрикасы өзінің алғашқы өнімдерін нарыққа шығарды
«Әзірге құс еті өнімдері жергілікті тұрғындарға ұсынылып отыр. Бройлер етінің келісі - 650 теңгеден сатылуда. Жуық арада құс еті облыс орталығындағы дүкендерге де жеткізілетін болады. Қазіргі таңда фабрикада 145 мыңдай құс бар. Алдағы уақытта өндіріс көлемін арттыру жоспарлануда. «Қызылжар-Құс» ЖШС басшылығы өңірдегі сауда жүйелерімен құс етін жеткізу бойынша келіссөздер жүргізуде», - деді Қызылжар ауылдық округінің әкімі Ержан Түсіпбеков.
Еске сала кетейік, 2014 жылы Тәуелсіздік күні қарсаңында қайта жаңғыртудан өткен құс фабрикасы өз жұмысын бастаған болатын. Бұл фабрикада бройлер тұқымды тауық өсіріледі. Ұзақ уақыт тоқырап тұрған кәсіпорын мемлекеттік «Бизнестің жол картасы-2020» және «Агробизнес-2020» бағдарламалары аясында іске қосылған еді. Жобаға Еуразиялық банк қаржылай қолдау жасады.
Болашақта аталмыш фабрика өңірдің құс етіне деген сұранысының 70 пайызын өтеуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен.