08:19, 05 Наурыз 2013 | GMT +5
Павлодар облысының өзге ұлт жастары мемлекеттік тілді білуден жарысты
ПАВЛОДАР. 5 наурыз. ҚазАқпарат - Павлодарда өзге ұлт өкілдері жастары арасында өткен «Мемлекеттік тіл - менің тілім!» атты облыстық байқау мәреге жетті, деп хабарлады жастар саясаты жөніндегі басқармадан.

Сайыстарға аудандық және қалалық байқаулардың 13 жеңімпазы - жас мұғалімдер, студенттер және оқушылар қатысты. Олар қазақ тілінде еркін сөйлесіп, ұлы ақындардың шығармаларын оқыды, мақал-мәтелдерді жатқа айтып, құжаттардың ресми аудармасын жасады.
Ақсу қаласының №19 колледжінің қатысушысы Дмитрий Голик барлық тапсырмаларды тамаша орындап, байқаудың бас жүлдесін жеңіп алды. Жүлдегерлер арасында Павлодар гимназиясының оқушысы Майя Иванова, «Нұр Отан» ХДП-ның Қашыр ауданының қызметкері Таисия Страдаева мен Тереңкөл ауылының ағылшын тілі мұғалімі Светлана Шнайдер болды.
Қазақ тілінің білгірлері дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Барлық қатысушыларға жастар саясаты жөніндегі басқарманың алғыс хаттары табыс етілді.