Павлодар облысының трассасында 6 адам зардап шекті

ЕКІБАСТҰЗ. ҚазАқпарат – Павлодар облысының трассасында жол-көлік апатынан 6 адам зардап шекті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

Павлодар облысының трассасында 6 адам зардап шекті

Оқиға Екібастұз қаласы мен Майқайың кенті арасындағы трассада болған. Жол апаты орнында түсірілген видео әлеуметтік желіде тарады.

Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сәйкес, екі көліктің соқтығысуынан 6 адам зардап шекті. Олардың үшеуі жедел жәрдем қызметі келгенге дейін оқиға орнынан кетіп қалған. Қалған үшеуіне медициналық көмек қажет болған.

«25 жастағы ер адамда – омыртқаның компрессиялық сынуы, сол жақ кеуде тұсының соғылуы, құрсақ бөлігінің сыздап ауыруы, 32 жастағы әйелде – оң және сол жақ санының жабық сынуы, қабақ үстіндегі терінің және иектің жыртылған жарақаты, 26 жастағы ер адамда жамбас сүйегінің сынуы диагноздары қойылды», - деді Денсаулық сақтау басқармасынан.

Зардап шеккендердің барлығы Екібастұз қалалық ауруханасына жеткізілді. 32 жастағы әйел ауыр жағдайда жансақтау бөлімінде жатыр.