Павлодар облысының тұрғындары полицияға 8,5 млн теңгенің қаруын тапсырған

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облысында үш айдың ішінде 149 тұрғын акция барысында 8,5 миллион теңгеге 169 бірлік қару тапсырды. Бұл туралы облыстық ІІД баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Павлодар облысының тұрғындары полицияға 8,5 млн теңгенің қаруын тапсырған

«Тұрғындардан жиналған қарудың басым бөлігін 152 бірлік тегіс ұңғылы қару құрайды.  Сондай-ақ,  16 бірлік иір ойықты мылтық, 1 шолақ қару  мен 4300-ден аса иір ойықты мылтықтың оқ-дәрісі  бар. Мысалы,  Железин ауданының тұрғыны атасынан қалған екі бірдей ТОЗ және ИЖ тегіс оқпанды аңшы қаруын, Павлодар ауданының тұрғыны әкесінен қалған 16 калибрлі «ИЖ» маркалы тегіс оқпанды жалғыз ауыз аңшы мылтығын  өз еркімен алып келді», - деді департаментте.  

Заңсыз  қаруды жұртшылықтан сатып алу мақсатында мемлекеттен 10 миллион   теңгеден аса қаржы бөлінген.

Еске сала кетейік,  сәуір айынан бастап республика аумағында халықтан заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрілер мен жарылыс заттарын сатып алу бойынша акция  жүргізілуде. ІІБ-де тіркелмеген атыс қаруларын, оқ-дәрілер мен жарылыс заттарын ерікті түрде тапсырған адамдар қылмыстық жауапкершіліктен босатылады.