Павлодар өңіріне аққулар ұшып келе бастады

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Өңірдегі су айдындарының барлығы мұз құрсанып жатқанына қарамастан Ертіс — Баян өңіріне аққулар ұшып келе бастады. Алғашқылары Ақсу ауылдық аймағынан байқалды.

Павлодар өңіріне аққулар ұшып келе бастады
Фото: Аждар Жүсіпов

Облыстық орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің басшысы Аждар Жүсіпов облысқа аққулардың ұшып келе бастағанын хабарлады. Құстар сұңқылдақ және қиқылдақ аққу түрлеріне жатады.

— Ақсу ауылдық аймағы мен Павлодар ауданының далалы жерлеріндегі еріген қар суына аққулар қона бастады. Қауырсын қанаттыларды біздің мекеменің инспекторлары байқаған. Аққулардың келуі алдағы уақытта күннің күрт жылынатынын білдіреді. Олардың ішіндегі сұңқылдақ аққулар елімізде кең тараған, көбіне республикамыздың Солтүстік, Орталық және Оңтүстік-Шығыс өңірлерінің қалың қамысты-қоғалы ірі көлдерін мекендейді. Қызыл кітапқа енген қиқылдақ аққу да біздің аймақта кездеседі, — дейді мекеме басшысы.

Еске сала кетейік, былтыр аққулар Павлодар жеріне наурыз айының ортасынан ұшып келе бастаған. 

Желтоқсан айында Павлодарда ауыл тұрғыны аязда қалып қойған қос аққуды құтқарған еді

Соңғы жаңалықтар