Павлодар полициясы құны 55 миллион теңге тұратын вейптерді тәркіледі
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Екібастұзда полицейлер вейп пен қосымша сұйықтықты заңсыз сақтап отырған қойманы анықтады. Тәртіп сақшылары 5503 вейп пен 1097 қосымша сұйықтық құятын құтыны тәркіледі.
Бұл туралы Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінен хабарлады.
— Екібастұз қаласындағы өнеркәсіптік база аумағында орналасқан үй-жайда полицейлер 5503 бірлік вейп пен 1097 қосымша сұйықтық құятын құтыны тауып алып, тәркіледі. Заңсыз тауарлардың бұл партиясы сатуға арналған. Аталған өнімнің айналымына ресми тыйым салу туралы біле тұра, жастар интернет-дүкен арқылы танымал мессенджерлер мен әлеуметтік желілердегі арналарды қолдана отырып, вейптерді сатқан. Заңсыз электронды темекі сатты және таратты деген күдікпен полицияға екі күдікті жеткізілді. Темекіге жатпайтын темекі бұйымдарының, электрондық тұтыну жүйелерінің (вейптердің), хош иістендіргіштер мен сұйықтықтардың айналымы фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр, — деді Екібастұз қаласы полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Төлеген Құдайбергенов.
Сондай-ақ, рейдтер барысында автокөлік тоқтатылып, оны тексеру кезінде интернет-дүкен арқылы тапсырыстар бойынша жеткізуге арналған электрондық темекі (вейп) табылды.
Еске сала кетейік, Алматыдағы сауда үйлерінің бірінен 5 мың вейп тәркіленді.