21:25, 14 Шілде 2017 | GMT +5
Павлодар тұрғыны 1933 жылы шыққан француздық тапаншаны полицияға тапсырды
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Тапаншаны полицияға өз еркімен тапсырған Павлодар тұрғынына 27 мың теңге көлемінде өтемақы төленді, деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Баллистикалық зерттеу қорытындысына сәйкес бөтелке пішімдес гильзамен 1933 жылы шыққан 7,65 миллиметр калибрлі «МАВ» үлгісіндегі иір ойықты тапанша штаттық патрондармен атуға жарамды. Бұл туралы ІІД баспасөз қызметі хабарлады.
Мұндай үлгі соғыс жылдары француздық әскерде болған. Осы жылғы 10 сәуірден бастап облыс аумағында халықтан заңсыз сақтаудағы қаруларды сатып алу акциясы өтуде.
Осы уақыт ішінде ішкі істер органдарына 229 бірлік тіркелмеген қару тапсырылды. Ерікті түрде қару тапсырған азаматттарға өтемақы төлеу үшін республикалық бюджеттен 12 миллион теңге бөлінді.