Павлодарда 12 әкім өздерінің не үшін жазаланғанын түсіне алмай отыр
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Облыста 12 ауылдың әкімі қоқыс орындарын заманға сай салмағаны үшін айыппұл арқалады. Экологиялық кодекс талаптарына сүйенсек, Павлодар облысындағы 316 елді мекеннің қоқыс полигондары заңсыз саналады.

Антикор қызметінің пәрмені бойынша өңірлік экология департаментінің мамандары Тереңкөл ауданына барып, қоқыс орындарын жоспардан тыс тексерген.
Нәтижесінде ондағы барлық 12 ауылдық округте (Әулиеағаш, Байқоныс, Береговой, Жаңабет, Жаңақұрылыс, Ивановка, Калиновка, Октябрьск, Песчан, Тереңкөл, Томарлы, Алтай) қалдықтарды сақтауда заңбұзушылықтар бар екенін анықтады. Тексеру қорытындысында ауыл әкімдеріне 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынған.
Ал ауыл әкімдері өздерінің не үшін жазаланғанын түсіне алар емес. Антикор қызметі аудандардың бюджеті шектеулі, ал облыста жаңа оқыс полигондарын іске қосу әзірше мүмкін емес екенін мүлде назарға алмаған.
Парадоксты жағдай екі арада ауыл әкімдерін негізсіз жазалауға соқтырып отыр. Мұндай айыппұл бұған дейін Ақтоғай, Шарбақты, Павлодар аудандарының әкімдеріне де салыныпты.

Мәселені кеңірек түсіндіріп өтейік. Ертіс-Баян өңірінде қазіргі уақытта заманға сай жабдықталып, экологиялық құжаттарын алған небәрі 3 қоқыс полигоны ғана бар. Олар Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалаларында орналасқан.
Өкінішке қарай, еліміздің Экология кодексінде көрсетілген ережеге сай келетін қоқыс орындарын ашу өзге елді мекендер үшін қаржылық тұрғыдан мүмкін емес. Заманға сай қоқыс алаңдарын салу, жабдықтау өте қымбат тұрады.
Егер кодекске бағынып, барлық полигондарды реттеп шығамыз десек, облысқа 300 млрд теңгеден астам қаражат қажет болады. Ал оны аудандар тұрмақ, облыстың бюджеті көтермейді.
Бұл мәселе қазіргі уақытта ауылдық жерлердегі қоқыс төгу орындарының жағдайын қиындатып отыр. Яғни заң бар, бірақ оны орындайтын қаржылық ресурс жоқ.
— Өңіріміз бойынша аудан-ауылдардағы қоқыс полигондарының орналасқан жері ғана тіркелген. Заң бойынша оларда экологиялық рұқсат құжаттары, қоршау, таразы, қоқысты сұрыптайтын орын, арнайы көліктер т. б. болуы керек. Алайда ондай мүмкіндік аудандардың қолынан келмейтіні мәлім. Ауылдардың халқы рұқсат етілмеген полигондарға қоқыс тастауға мәжбүр болып отыр. Себебі жаңадан салынған қоқыс орындары жоқ. Қолданыстағы заңнама бойынша ауылдық полигондарды әзірге заңды деп санауға болмайды, — дейді облыстың мемлекеттік экологиялық инспекторы Руслан Темірболатов.

Қоқыс алаңдарын ұйымдастыру елді мекендердің қолынан келмейтіндіктен, адам саны көп тұратын Баянауыл, Майқайың, Тереңкөл және Ертіс ауылдарында полигон салу үшін Экология министрлігіне өтінім берілген.
Бірақ министрліктен жауап жоқ. Жобаны іске асыру мерзімі — жеті ай.
— Төрт ауыл бойынша қоқыс орындарының жоба-сметалық құжаттамасын әзірлеп, мемлекеттік сараптамада өткіздік. Әрқайсысын іске асыруға 1 млрд теңге керек. Облыс бойынша 316 қоқыс полигоны Экология кодексінің талаптарына сай емес. Олардың барлығын реттеп шығу өте көп қаражатты қажет етеді. Сондықтан ауылдар үшін белгілі бір жеңілдіктер жасалуы керек. Әрі барлық өзгерістер министрлік тарапынан орталықтандырылған жүйеде ұйымдастырылуы тиіс деп ойлаймыз, — дейді Павлодар облысының жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының бас маманы Сандуғаш Нұрғажинова.

Облыс экологтары заңсыз қоқыс үйінділерін анықтау, тәртіп бұзушылардың әрекетіне жол бермеу және рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін жою жұмыстары үзбей жүргізіліп жатқанын мәлім етті.
Еске сала кетейік, Қостанай облысында 50-ге жуық рұқсат етілмеген қоқыс үйіндісі анықталған еді.