Павлодарда 15 жастағы оқушымен жақындасқаны үшін сотталған жігіт колонияда көз жұмды
АСТАНА. KAZINFORM — Жас жігіт осы жылдың сәуір айында сот залында қамауға алынды, жақында оның сүйегі түзеу мекемесінде табылды.
Павлодар облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің мәліметінше, оқиғаға қатысты сотқа дейінгі тергеу басталып, оның барысы бақылауға алынған. Тергеу аясында бейнебақылау камераларының жазбалары да қарастырылып жатыр.
— Алдын ала анықталғандай, кәмелетке толмаған қызға жыныстық сипаттағы қылмыс жасағаны үшін жазасын өтеп жатқан сотталған азамат түзеу мекемесінде асылып, өзіне қол жұмсаған, — деп хабарлады Павлодар облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті.
Жігіт сәуір айында 16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынасқа түскені үшін кінәлі деп танылып, Павлодардағы түзеу мекемесіне қамалған. Тергеу мәліметінше, 19 жастағы жігіт пен 15 жастағы қыз өзара келісіммен бірнеше рет жыныстық қатынасқа түскен. Бұл жағдайдан қыздың анасы хабардар болған соң, полицияға арызданған. Осыдан кейін аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Бұған дейін Айжан Аймағанова зорлық-зомбылыққа тосқауыл қоюдың жаңа тетігін ұсынғанын хабарлағанбыз.