18:24, 21 Наурыз 2014 | GMT +5
Павлодарда 2,3 мың литр наурыз-көже даярланды
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодардың орталық алаңында және қаланың басты көшелерінде Наурыз мейрамы наурыз-шашу салтымен басталып, 31 ақшаңқан киіз үйлер тігілді. Әр үйде қонақтарға мерекелік дастарқан жайылды.
![None None](/static/img/plug.webp)
Қала тұрғындары мен қонақтары үшін мерекенің басты қонақасы - 7 түрлі тағамнан 2,3 мың литр наурыз-көже, 20 қазан палау және 25 мың бауырсақ даярланды.
Наурыз мейрамында әркімге де ермек табылды - балалар алтыбақан тепті, жігіттер мен үлкендер «Қошқар көтеру», «Жілік сындыру» сияқты ұлттық ойындарға қатысты, ашық алаңдарда әртістер ән мен жырдан шашу шашты.
Бүгін Павлодардың түпкір-түпкірінде ондаған киіз қалашықтары бой көтерді, оларда барлық шағынаудандар мен қала маңындағы кенттердің тұрғындары мереке көрігін қыздырды.
Ертең, 22 наурызда, күн мен түннің теңелуі күнінде қала жастары Ертіс жағалауында таңсәріні қарсы алып, «Қаражорға» биін билейді.