Павлодарда 2 мыңға жуық бала бронх демікпесіне шалдыққан
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Олардың 165-і бір жыл ішінде тіркелген. Бронх демікпесі соңғы жылдары жасарып келеді, дейді дәрігерлер.

Бұл дертпен бұрын көбіне 9 жастағы балалар ауырса, енді алғашқы белгілер 1 жастан-ақ байқала бастаған.
Демікпенің негізгі белгілері тыныс алудың ауырлауы, ұзақ жөтел, аллергиялық ринит, өзге де аллергиялық себептер болуы мүмкін. Балаларда ұзақ жөтелден басталады. Осы белгілер байқалып, сырқат ертерек анықталса бақылауды күшейтуге мүмкіндік болады. Емдеудің негізгі мақсаты - пациенттердің жағдайын мүгедектікке жеткізбеу.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас аллерголог-иммунолог дәрігері Елена Ковзельдің айтуынша, елімізде 100 мыңға жуық адамда бронхты демікпе анықталған. Ал Павлодар облысында, бронхты демікпемен 2 мыңға жуық бала тіркелген. Оның 165-і бір жылда анықталды.
- Науқастардың санының артуының ішкі себебі – тұқым қуалау, екінші себеп сыртқы факторларға байланысты. Мысалы, қоршаған ортаның ластануы, тұрмыстың химиялануы, азық-түліктің химиялануы, шылым шегу, көліктердің көбеюі. Осыдан аллергиялық реакциялар ерте дамиды. Бұрын аллергиялық ринит 9 жастағы балаларда кезедсетін, қазір 2 жастағы балаларда тіркеліп отыр,-дейді маман.
Еске сала кетейік, Қазақстандағы маусымдық аллергия бес жыл ішінде он есе артқан.