Павлодарда 30 оқушы халықаралық олимпиадалардың жүлдегері атанған

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Ертіс-Баян өңірінің білім саласында 20 мыңнан астам педагог қызмет етеді. 2023-2024 оқу жылында 30 оқушы халықаралық олимпиадалардың жүлдегері атанған.

жүлдегерлер
Фото: Валерий Бугаев

Павлодар облысында 360 жалпы білім беру мектебі жұмыс істейді. Оның ішінде 137-сі қазақ тілінде оқытатын мектеп. Оларда жалпы саны 118 мыңдай оқушы оқыса, 50 мыңнан астамы немесе 43 пайызы ғана қазақ тілінде білім алады. Биыл 11 мыңға жуық бала бірінші сыныпқа барды,

Былтырғы оқу жылында ұстаздарының дайындауымен 30 оқушы халықаралық олимпиадаларда жүлдеге ие болған. Облыстық №8 лицей «Қазақстан Республикасының үздік олимпиадалық командасы» атағын жыл сайын дәлелдеп келеді. Лицейді дарынды оқушысы Ринат Елеусізов химия бойынша халықаралық Менделеев олимпиадасының және Шаньчжэньде әлемнің 29 елінен келген оқушылар арасындағы олимпиаданың алтын медаль иегері, Сауд Арабиясында өткен 56 халықаралық химия олимпиадасының (IChO) жеңімпазы. Оларды химия пәнінің мұғалімі Оксана Владимировна Колдашева дайындады. Тағы бірі – мектептің өткен жылғы түлегі, «Жібек жолы» XXIII халықаралық математикалық олимпиаданың алтын медаль иегері, Азия-Тынық мұхиты, Жәутіков, Балқан әлемдік олимпиадаларының, Жапониядағы халықаралық олимпиаданың жүлдегері Владимир Роговский.

Биыл Павлодар сервис және тамақтану колледжінің студенті Лейман Артур «Мейрамхана сервисі» санатында «WorldSkills Lion - 2024» әлем чемпионатының «Best of nation» номинациясын жеңіп алды. Жас талантты сервис және тамақтану колледжінің өндірістік оқыту шебері Альмира Садриденова дайындады.

Жуықта дарынды оқушылар мен олардың ұстаздарына Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Құрмет грамоталары мен ақшалай сертификаттар табыс етті.

Бұған дейін Павлодар облысында қазақ сыныбынан жерінген ата-ана көп екенін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар