Павлодарда 34 жасар әйел иіс тиіп көз жұмды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодар облысында пешпен жылыту жүйесінің дұрыс істемеуінен ерлі-зайыптыларға иіс тиді. 1990 жылғы әйел адам оқиға орнында қайтыс болған. Оның екінші топтағы мүгедек болғаны анықталды.

Павлодар ауданы Черноярка ауылында пешпен жылытылатын жер үйде бір отбасы улы газдан уланып қалды. 34 жастағы әйел сол жерде көз жұмған. Ал күйеуі, 1984 жылғы ер адам ауыр дәрежедегі көміртегі тотығымен уланып, ауруханаға жатқызылды.
«Ерлі-зайыптылар көмір жағылатын пештің дұрыс істейтініне көз жеткізбеген сыңайлы. 1990 жылғы туған марқұм әйел екінші топ мүгедегі болған. Оларды иіс тиіп жатқан жерінен туыстары тауып алған», деп хабарлады өңірлік төтенше жағдайлар департаментінен.
Мамандар салқын уақытта пеш жағу кезінде қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау қажет екенін ескертеді. Жылыту пештері алдын ала тексеріліп, өртке қарсы бөліктерінің болуы ескерілуі керек. Әр үш айда бір рет, сондай-ақ жылыту маусымы басталар алдында мұржалар мен пештерді күйеден тазартып тұрған абзал. Пеш мұржалары қызыл кірпіштен қаланып, ұшқын тұтқыштармен жабдықталуы тиіс. Шатырдағы түтін арналары өтетін барлық құбырлар мен қабырғаларды әктеу керек.
Еске сала кетейік, Павлодарда жер үй өртеніп, 40 жастағы ер адам көз жұмды.