Павлодарда 9 және 10 айлық сәбилер химиялық тазартқыштан күйіп қалды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Облыс орталығында қос сәби қыз «Азелит» тазартқыш құралынан күйіп, облыстық балалар ауруханасына жатқызылды.
— Балалар ауруханасына тазартқыш құралмен жанасу салдарынан химиялық күйік алған екі қыз бала келіп түсті. Дәрігерлер қажетті ем жүргізді. Екеуі де 2024 жылы туған. Алғашқысының сол жақ сирағы мен оң жақ санында II–III дәрежелі күйік жарақаты бар. Екінші қыз балада оң жақ білегі, қолдың буыны, саны және құрсақ қабырғасы күйген. Екі жағдайда да күйіктерге «Азелит» тазартқыш құралының теріге тиюі себеп болған, - деп хабарлады өңірлік балалар ауруханасынан.

Дәрігерлер тұрмыстық химия балалар үшін аса қауіпті екенін ескертеді. Қауіпті жағдайлардың алдын алу үшін тұрмыстық химияны балалардың қолы жетпейтін жерде сақтауға, химиялық құралдары бар шкафтарды арнайы бұғаттауыштармен жауып қоюға кеңес береді.

— Химиялық сұйықтықтарды немесе ұнтақтарды өзге бөтелкелерге құймаңыз. Тазартқыш құралдарды ашық күйінде қалдыруға мүлде болмайды. Ал құралды пайдаланған кезде бала қауіпсіз қашықтықта болуы керек. Химиялық зат теріге тисе, күйген жерді дереу көп мөлшерде ағынды сумен жуып, шұғыл медициналық көмекке жүгіну қажет. Егер төтенше жағдай орын алса, дереу жедел жәрдем шақырған абзал», - дейді мамандар.
Еске сала кетейік, былтыр Ақсу ферроқорытпа зауытында ыстық суға күйіп қалған машинист қыз ауруханада көз жұмған еді.