Павлодарда Абай оқулары өтті

Ақтоғайлық Валерия Степчук Республикалық Абай оқуларына жолдама алды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Шараға 18-22 жас аралығындағы қалалар мен аудандарда өткен байқаулардың жеңімпаздары қатысты. Қазылар алқасының мүшелері үміткерлердің өнерін бағалау кезінде олардың көркем мәтінді оқу шеберлігіне, қазақ тілінде орфоэпиякалық тұрғыдан таза сөйлеуіне, әнді орындау мәнеріне, сахналық мәдениетіне назар аударды. Қатысушылар Абайдың шығармаларын жақсы білетіндерін толық көрсетіп алқа мүшелерін, жиналған көрермендерді таң қалдырды.
Бірінші орынға қазақ тілінде таза сөйлеген, сахнада өзін көркем ұстаған, оқу шеберлігін жоғары дәрежеде көрсеткен Ақтоғай ауданынан келген Валерия Степчук ие болды. Екінші орынды Павлодар қаласының үміткері Зура Кенжебаева, ал үшінші орынды Лебяжі ауданының қатысушысы Кристина Шаповалова иеленді. Сайысқа қатысушылардың барлығы диплом, алғыс хаттармен қоса сыйлықтармен марапатталды.
Айта кетерлігі, 19 тамыз бен 23 қыркүйек аралығында Павлодар облысында «Тілдер айлығы» жарияланып, айлық шеңберінде облыс қала, аудандарында 200-ден астам іс-шара ұйымдастырылатын болады.