Павлодарда Абылай заманынан қалған көрік сақталып тұр
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Баянауылда атақты Шоң бидің атасы Төлебай батырдың ХVІІ ғасырда ұстаған көрігі сақталып тұр. Жоңғар шапқыншылығы кезінде бұл көріктің көмегімен қазақ жасақтарына қажетті мылтық, қылыш, оқ-дәрі дайындау үшін темір қорытылған.
Тарихи деректерге сүйенсек, Төлебай батыр 17-ғасырда өмір сүрген, атақты Едіге бидің әкесі. Төлебай аты шыққан батырлығымен қоса, ұсталықпен ел-жұртына танылған. Негізгі қаңқасы ағаштан, үрме терісі түйенің қом терісінен жасалған көне жәдігерді Төлебай батырдың өзі ұстаған екен. Жәдігер әлі күнге істен шықпаған күйі сақталып түр.

- Төлебай Жанғозыұлы деген атамыз темірді өз қолымен қорытып, шиті мылтық, зеңбірек соққан көне заманда. Темір қорыту қазақ даласында басталғаны мәлім. Бұл көрік - өркениеттің белгісі. Ерте кезде темірші ұсталар отты лаулатып жағу үшін осы құралмен ауық-ауық үрлеп отырған. Көріктің ішіне ауа жиналып, оны басқан кезде арнайы түтік арқылы отқа бағытталады. Қатты үрленген ауаның арқасында көмір маздап жанып, темірді соғуға болатындай жоғары температураға жеткен, - дейді ҚР туризм саласының үздігі, елімізге белгілі өлкетанушы Алтынбек Құрманов.

Бұл көрік атадан балаға беріліп, төрт ғасырға дейін өзінің қажеттілігін жоғалтпай келген. Алтынбек ағаның атасы Құрман Әмірұлы да ұсталығымен танылып, кеңес өкіметі колхоз-совхоздарда ұста болған. Ат тағалап, соқа жөндеген, пышақ пен балта соққан. Қазақ арасында ұсталардың көбі көшіп-қонуға ыңғайлы, жиналмалы көріктерді пайдаланғаны мәлім. Төлебай ата ұрпақтарында жиналмалы көрік те бар көрінеді. Ал қару-жарақ соғатын мынау көрік көбіне үлкен ұстаханаларда ұсталған.

- Бұл көрікті әкем Жұмат Құрманұлы да ұзақ жылдар пайдаланды. Інім Қылышбектің ұсталық өнері бар. Жуықта інім көріктің әбден кеуіп қалған үрме терісін жылқының терісін илетіп қайтадан қаптады. Қазіргі уақытта қыстақтағы ұсталыққа орнатылып, толыққанды жұмыс істеп тұр. Керек-жарақтың барлығын осы көрікті пайдаланып, соғып аламыз. Өте ыңғайлы әрі отты қажетті температураға тез көтереді. Абылай заманынан қалған қол көрік біздің әулетіміздің құт-берекесі болып тұр. Тарихи жәдігердің түпнұсқасын сақтап қана қоймай, ұсталық өнерді жағыртып жүргенімізді мақтан тұтамыз, - дейді өлкетанушы.
Еске сала кетейік, Павлодарда Тасмола мәдениетінің шеберлері жасаған көне қанжар сақталып тұр.