Павлодарда адам саны аз 203 ауылға оптикалық байланыс желісі тартылады

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Ертіс-Баян өңірінде адам саны аз елді мекендерді ұялы байланыспен және интернетпен қамтамасыз ету үшін алдағы екі жылда талшықты-оптикалық байланыс желілерін тарту жоспарланған. 

Павлодарда адам саны аз 203 ауылға оптикалық байланыс желісі тартылады
Фото: freepik.com

— Биыл 9 маусымда «Қазақтелеком» компаниясы мен Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі арасында меморандум жасалды. Осы құжатқа сәйкес облысымызда 203 елді мекенге талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылады. Негізі, бағдарлама 2025-2027 жылдарға арналған еді. Дейтұрғанмен министріміз екі жылда атқарып тастауды межелеп отыр, — деп хабарлады өңірлік цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Ағыбай Әмірин.

Оған қоса, министрліктің жүргізген конкурсының қорытындысы бойынша Jusan Mobile операторы Қазақстан елді мекендерінде, соның ішінде облысымызда қолжетімділігі қиын, халық саны 50-ден төмен 13 елді мекенге талшықты-оптикалық интернет қосып береді. Бұл ауылдарда ұялы интернет жылдамдығы баяу болса да, алдағы уақытта стационар телефондарына роутер қосу арқылы жылдамдығы жоғары интернетке қол жетеді.

Сондай-ақ былтыр 33 ауылдың мектебіне Starlink төменгі орбиталды интернеті қосылса, биыл тағы 128 мектеп жаңа құрылғылармен қамтылмақ.

Еске сала кетейік, Starlink Қазақстанға ресми түрде келеді: келісімге қол қойылды

Соңғы жаңалықтар