Павлодарда алаяқтарға «көмектескен» алты адам ұсталды
АСТАНА. KAZINFORM — Павлодар өңірінде «Anti-Fraud» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Оның негізгі мақсаты — интернет арқылы азаматтарды алдап жүрген тұлғаларды анықтау және олардың жолын кесу.
Павлодарлық жедел қызметкерлердің нәтижелі жұмысының арқасында бүгінде интернет пайдаланушыларына қатысты жасалған 98 алаяқтық дерегі әшкереленіп, тоқтатылды.
Жуырда Павлодар қаласында алаяқтарға «көмектескен» алты адам ұсталды. Олар sim-карталарды рәсімдеп, «WhatsApp» мессенджерінде аккаунттар тіркеп, кейін оларға қолжетімділікті үшінші тұлғаларға берген. Ал өз кезегінде бұл аккаунттар қазақстандықтарға қоңырау шалып, алдау мақсатында пайдаланылған.
Полиция интернеттегі мұндай «жұмыс» қылмыскерге көмектесу. Ірі компаниялар ешқашан сіздің банк картаңыздың деректерін ақша «аудару» үшін сұрамайды. Абоненттік нөмірлерді «SMM ілгерілету» үшін жалға беру туралы ұсыныстар жалған әрі қылмыстық схема екенін ескертеді.
Тәртіп сақшылары облыс тұрғындарын сақ болуға және егде жастағы туыстарымен міндетті түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізуге шақырады.
Еске сала кетейік, аталған профилактикалық іс-шара 30 сәуірге дейін жалғасады.
Айта кетелік Алматыда телефон алаяқтығына қатысы бар қылмыстық топ ұсталды.