Павлодарда анасы терезеден лақтырып жіберген жеткіншек ауруханадан шықты
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Дәрігерлер ұл баланың жағдайы қанағаттанарлық екенін хабарлады. Бірақ ол әлі де болсын төсек режимін сақтауы керек.

Павлодарда анасы терезеден лақтырып жіберген жеткіншектің бірі — 7 жасар ұл баланың жамбас сүйегі сынған. Ол бұған дейін облыстық балалар ауруханасында ем қабылдап, қатаң түрде төсек режимінде болып келген еді.
— Баланың жағдайы жақсарып, оң динамика көрсетуі себепті ауруханадан шығарылды. Бірақ ол бір айдай уақыт төсек режимін сақтауы керек. Одан соң бір жылдай оңалту шараларынан өтеді, — деп хабарлады Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен.
Ал баланың анасы әлі де жансақтау бөлімінде жатыр.
— Анасының жағдайы ауыр. Өкше сүйектері мен оң жақ иық сүйегінің сынуына байланысты ота жасалды. Пациент есін біледі, — деп мәлімдеді денсаулық сақтау басқармасынан.
Еске сала кетейік, 30 шілде күні Павлодарда әйел екі баласын терезеден лақтырып, өзі де секіріп кеткен.
Кейін әйел мен екі баласының терезеден құлауы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Ал 1 тамыз күні биіктіктен құлаған балалардың бірі көз жұмды.
Дәрігерлер тірі қалған жеткіншектің жағдайы туралы айтқан.