Павлодарда Ауғанстан азаматы жалған құжаттар арқылы әлеуметтік төлем алып келген

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Павлодар облысының прокуратурасы қандастарды көшіру жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны іске асыру барысында бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша қозғалған қылмыстық іс аясында мүлікті тәркілеу туралы сотқа дейінгі өндірісті бастады.

жұмыспен қамту, құжатпен жұмыс
Фото: Астана әкімдігі

Облыс прокуратурасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, тергеу барысында Ауғанстан Республикасының азаматы өзінің қазақ ұлтына жататыны туралы көрінеу жалған мәліметтер мен құжаттар ұсыну арқылы әлеуметтік төлемдерді заңсыз алғаны анықталды.

Аталған ақшаға құны 20 млн теңге болатын пәтер сатып алынған.

Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға жол бермеу мақсатында прокуратура органдарының өтініші бойынша сот мүлікті мемлекет кірісіне тәркілеу туралы шешім қабылдады.

Сот актісі заңды күшіне енген жоқ.

- Алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру қылмыстық қудалау органы тарапынан жүргізіліп жатыр, - делінген хабарламада.

Осыған дейін ШҚО-да қос азаматтықпен жүрген 11 адам елден шығарылғаны туралы жаздық.

 

Соңғы жаңалықтар