Павлодарда ауыл тұрғындарына 12 мың гектарға жуық жайылым қайтарып берілді
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Биыл өңір бойынша 140 мың гектар пайдаланылмайтын жерлерді қайтару жоспарланған. Оның тең жартысы бүгінде мемлекет меншігіне алынды.

Павлодар облысында жыл басынан мемлекет меншігіне 70,7 мың гектар жер қайтарылған. Оның ішінде 20,5 мың гектар жалдау мерзімінің аяқталуына байланысты, 42,2 мың гектар ерікті бас тарту, 4,4 мың гектар мәжбүрлеп алып қою, 3,5 мың гектар өзге себептермен қайтарылды. Соның ішінде 18 мың гектар айналымға қайта таратылды.
«Қайта таратылған жерлердің ішінде 11,9 мың гектары ауыл тұрғындарының мұқтаждығы үшін, яғни жайылым үшін пайдалануға берілді. Біз ауыл жұртшылығына елді мекендерге жақын жайылымдарды ғана ұсынамыз. Ауыл айналасында 40-70 шақырым жерде орналасқан жайылымдар бізде жеткілікті. Мал өрісінің жетіспеушілігі жайылымға көп сиыр шығаратын ауылдар маңында ғана байқалады», - дейді Павлодар облысы Жер қатынастары басқармасының басшысы Мұрат Хамитов.
Қазақстан ғарыш сапары ұлттық компаниясының ғарыштық мониторингінің нәтижелеріне сүйенсек, Павлодар облысында пайдаланылмайтын жердің жалпы ауданы – 502,3 мың гектар. Олардың ішінде 482,2 мың гектар жерде мал мүлде жайылмайды. Ал 20,1 мың гектар аумақта өріске шыққан үй жануарларының саны тым аз екені байқалған.