Павлодарда әйел мен екі баласының терезеден құлауы бойынша қылмыстық іс қозғалды
АСТАНА. KAZINFORM — Павлодар облысының полиция департаменті әйелдің екі баласымен бірге 4 пен 5-қабаттардың аралығында орналасқан пәтер терезесінен құлағанын хабарлады.

Олар подъездің кіреберісіндегі шағын шатыршаға құлаған көрінеді, кейін ауруханаға жеткізілді. Қазіргі таңда бұл оқиғаға қатысты адам өлтіруге және өз-өзіне қол жұмсауға оқталу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жұмыстары басталды.
— Алдын ала берілген мәліметтерге сәйкес, әйел арнайы медициналық есепте тұрған. Оқиға орнында жедел тергеу тобы жұмыс істеп жатыр, — деп хабарлады Павлодар облысы полиция департаменті.
Павлодар облыстық балалар ауруханасы 2024 және 2017 жылдары туған екі бала қабылданғанын мәлім етті.
— 2024 жылы туған бала клиникалық өлім жағдайында жеткізілді. Қабылдау бөлімшесінде реанимациялық шаралар жүргізілді. Қазіргі уақытта жансақтау бөлімінде жатыр. Оның жағдайы өте ауыр, травматикалық шоктың 3-дәрежесі, бас сүйегінің кең тараған жарақаты, бас сүйегінің төбесінің көп жерінен жарақат алуы, мидың соққылы жарақаты, ішкі ағзалардың соққыдан зақымдануы анықталды, — деп хабарлады аурухана баспасөз қызметі.
2017 жылы туған балада бас сүйегінің жабық жарақаты, ми шайқалуы, жамбас сүйектерінің сынуы және ішкі ағзалардың зақымдануы бар. Оның да жағдайы ауыр, жансақтау бөлімінде жатыр.
Зардап шеккен әйел бірінші қалалық ауруханада емделіп жатқаны белгілі болды. Оған аяқ-қолдарының сынуы диагнозы қойылды. Әйел еін біледі, жансақтау бөлімінде жатыр.
Еске сала кетсек, бүгін сағат 13:00–де медицина қызметкерлеріне әйелдің екі баласын терезеден лақтырып, содан кейін өзі 5-қабаттан секіргені туралы хабар түскен еді.