Павлодарда әйелді өлтіріп, денесін өртеген ер адамға сот үкімі шықты
АСТАНА. KAZINFORM — Павлодар облысында әйелді өлтіріп, қылмыс ізін жасыру үшін оның денесін өртеген ер адамға 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Бұл туралы Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты хабарлады.
Сот материалдарына сәйкес, оқиға 2026 жылғы 17 сәуірде Ақсу қаласының шетінде болған. Сол күні сағат 18:00 шамасында сотталушы мен жәбірленуші жылу трассасының маңына барып, бірге алкогольдік ішімдік ішкен.
Ішімдік ішу кезінде әйел сотталушының қайтыс болған анасын балағаттаған. Осыдан кейін екеуінің арасында жанжал туындаған. Ашуға булыққан ер адам әйелге күш қолданып, оның өміріне қауіпті жарақаттар салған. Әйел оқиға орнында жедел қан жоғалтудан қайтыс болған.
Сот мәліметінше, әйелдің қайтыс болғанына көз жеткізген соң, ер адам үйіне барып, дизель отынын алып келген. Кейін қылмыс ізін жасыру мақсатында марқұмның киімдерін шешіп, денесін өртеп, оқиға орнынан кеткен.
Сот қандай жаза тағайындады?
Сот сотталушыны Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-бөлігі бойынша, яғни адам өлтіргені үшін кінәлі деп таныды.
— Оған орташа қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеумен 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар жәбірленуші тараптың азаматтық талабы 5,5 миллион теңгеден астам сомаға қанағаттандырылды. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ, — делінген хабарламада.
Бұған дейін Павлодарда кішкентай қызға зорлық көрсеткен педофил 20 жылға сотталғанын жазғанбыз.