Павлодарда кішкентай қызға зорлық көрсеткен педофил 20 жылға сотталды
АСТАНА. KAZINFORM — Павлодар облысында кәмелетке толмаған балаға қатысты сексуалдық сипаттағы әрекеттер жасағаны үшін айыпталған азамат 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ ол өмір бойына педагогикалық қызметпен айналысу және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеу құқығынан айырылды.
Қылмыстық істі Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарады. Сот отырысы істің мән-жайлары заң бойынша жария етілмеуге тиіс болғандықтан, жабық режимде өтті.
Сот мәліметінше, оқиға 2020 жылғы наурызда болған. Сотталушы К. өз кінәсін мойындамаған. Алайда оның кінәсі жәбірленушінің, оның заңды өкілінің және куәлардың айғақтарымен, сот сараптамаларының қорытындыларымен, сондай-ақ сотта зерттелген өзге де дәлелдемелермен расталған.
Сот К.-ны Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 121-бабының 4-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды.
— Үкімге сәйкес, сотталушы орташа қауіпсіздік мекемесінде 20 жыл жазасын өтейді. Бұдан бөлек, Қылмыстық кодекстің 50-бабының 3-бөлігі негізінде педагогикалық лауазымдарды атқару және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айырылды, — делінген хабарламада.
Айта кетейік, үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Бұған дейін Айжан Аймағанова зорлық-зомбылыққа тосқауыл қоюдың жаңа тетігін ұсынды.