Павлодарда әйгілі фотосуретшінің музей-үйі бүлініп барады
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Дмитрий Багаевтың музей-үйі XIX ғасырда тұрғызылған көне үйде орналасқан. Бұл үйде павлодарлық белгілі фотосуретші ұзақ жыл өмір сүріп, фотостудия ашқан.
Дмитрий Багаевтың есімі Ертіс-Баян өңірінің халқына жақсы мәлім. XX ғасыр басында осында қоныс аударып, фотосуретшілікпен әуестене бастайды. Сөйтіп жүріп Павлодар қаласында алғашқы фотостудия ашқан.
Оның шығармашылығының нәтижесінде төңкеріске дейінгі Павлодардың келбеті көптеген фотосуретте сақталып қалды. Өнер иесі қаламен қоса, алыс аудандарды да аралап, қаншама белгілі тұлғаларды, қазақтың салт-дәстүр үлгілерін, аштық жылдарын да суретке түсірген.

Дмитрий Поликарпович тұрған үй 2001 жылы оның атындағы музейге айналды. Ол жергілікті маңызға ие тарихи және мәдени ескерткіштер қатарына енген. Алайда соңғы 25 жылда ешбір жөндеу көрмеген.

Қазіргі уақытта шатырынан су саулап, ғимарат ішіне кірген ылғал үйдің қабырғасы мен едендерін бүлдіріп жатыр. Музей-үйдің қызметкері Шолпан Әбікешованың айтуынша, көктем мен күзде төбеден су ағатынына байланысты музей ішіне шелектер қойылады. Тіпті кейбір жәдігерлер амалсыздан алынып та тасталады. Олай жасамаса, су тиіп бүлініп қала ма деп қорқады екен.

Ғимарат электр қуаты арқылы жылытылады. Нысанның жартылай ағаштан салынуы мұндай жағдайда өрт қаупін күшейте түсіп отыр.

- Тарихи нысанға ішінара жөндеу жүргізу мүмкін емес, оны толықтай жөндеу керек. Іргетасы, қабырғалары, төбесі, электр желілері, барлығы жөндеуге сұранып тұр. Реставрациялық жоба дайын. Жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес, барлық шығынға 100 млн теңгедей қаражат қажет, - дейді Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Арман Әлиакпаров.

Бірақ жөндеуге қажет қаражат әзірше табылмай отыр. Музей қызметкерлері келер жылы ойлағандары болып қала ма деп үміттенеді.

Бұған дейін Мәшһүр Жүсіптің бейнесі қалай сақталып қалғаны туралы қызықты материал жариялағанбыз.
