Павлодарда Аймауытов театры 36-шы маусымын қорытындылады

ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Ж. Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театры 36-шы маусымды қорытындылады. Көрерменге биыл ерекше әсер сыйлаған премьера - «Бір досың керең екен» қойылымын сахналанды.

Павлодарда Аймауытов театры 36-шы маусымын қорытындылады
Фото: pavlodarnews.kz

«Бір досың керек екен» комедиясы осетин драматургі Георгий Хугаевтың шығармасы. Қоюшы режиссері – Жангелді Садықов. Шығарманы аударған – Мұқанғали Томанов, суретші – Айсұлу Шарипова.

Комедиялық қойылым тағдыр тауқыметі араларына сына қаққанмен сын сағатта бір-бірін сатпаған екі достың қызықты да шытырман оқиғасы жайында өрбиді. Андро мен Сандро есімді достар, әрі көрші бірін-бірі кейде жек көрсе де, жауға бермес, қатты өкпелесе де, өлімге қимас жандар ретінде бейнеленеді.

pavlodarnews.kz
Фото: pavlodarnews.kz

Өнер ұжымы үшін театрдың 36-шы маусымы табысты өрілді деуге болады. Өткен жылдың қыркүйек айында театрдың ұйымдастыруымен Алаш қайраткері Ж.Аймауытовтың 135 жылдығына орай «Ертіс-Баян» I республикалық театрлар фестивалі өтті. Оған алғашқы іріктеуден өткен еліміздің 11 театры қатысып, жергілікті көрерменді түрлі жанрдағы қойылымдарға қарық қылды.

Өнер ұжымы одан соң Шығыс Қазақстан облысында көрнекті жазушы, балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының ХХХ фестиваліне «Менің атым Қожа» қойылымымен қатысып, арнайы жүлдені қанжығаға басты.

театр
Фото: pavlodarnews.kz

Ал 2024 жыл қорытындысында «Қазақстан театр сыншылары бірлестігінің» сыншылар жүлдесінде бірнеше номинациямен марапатталды.

Аталған маусымда театр сахнасында «Джудит жасаған қиын таңдау», «Бір досың керек екен», «Пері Қатын» және «У-сана» (ертегі) премьералық қойылымдары өтті.

Еске сала кетейік, лондондық режиссер Павлодар театрында Брехтің «Пері қатын» драмасын сахналады. 

Соңғы жаңалықтар