Павлодарда ажырасқан әйелінің өмірін қиған қылмыскерді ата-ана құқығынан айырмақ

Ольга Чупразованы бұрынғы күйеуі өлтірген. Оның соңында екі баласы қалды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
«Кәмелетке толмаған екі жеткіншектің әжесі заңды өкілі ретінде сотқа әкелерін ата-ана құқығынан айыру туралы талаппен келді», - деді кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандырылған ауданаралық соттың төрағасы Марат Дәйкенов.
Сонымен қатар, олар сотта балалардан да жауап алынатындықтан, сотты жабық түрде өткізу туралы өтініш жазған. Айта кетерлігі, бірінші отырыс барысында Сергей Чупразов талапты қабылдаған жоқ. Соттық тәжірибе көрсеткендей, көбінесе түрмеге қамалғандар ата-ана құқығынан айырылғысы келмейді. Себебі, болашақта бұл олардың мерзімінен ерте шығуға жеңілдік береді. Десе де, бұл істе «Неке мен отбасы» Заңының 75-бабы, екінші тармағы негізге алынуы тиіс. Бұл заңға сәйкес, баласы, жұбайы немесе отбасының басқа да мүшелерінің өмірі мен денсаулығына қарсы қасақана қылмыс жасаған ата-аналар өз құқығынан айырылады.
Естеріңізге сала кетсек, осыдан бір жыл бұрын 16 тамыз күні 30 жастағы Ольга Чупразова үйіне шығып, қайта оралмаған. Оны іздестіруде туған-туысқандарынан басқа еріктілер де жұмылдырылған болатын. Бірнеше айдан соң марқұмның мәйіті Павлодар қаласының өндірістік аймағында қоқыстың астында табылды. Тергеу барысында күдікті ретінде әйелдің жұбайы Сергей Чупразов пен оның танысы Сергей Моисеев ұсталды. Олар сот алдында кінәсін мойындаған жоқ. Сот үрдісі төрт ай бойы жалғасып, айғақтар алға тартылып, ер адамдар 15 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.