Павлодарда азық-түлік пен көкөніс өнімдері қымбат бағаға сатылып келген

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Жыл басынан бері облыстағы сатушыларға 71 айыппұл салынған. Олардың басым бөлігі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын шектен тыс өсіруге қатысты.

Павлодарда азық-түлік пен көкөніс өнімдері қымбат бағаға сатылып келген
Фото: Kazinform

Сауда үстемесінің рұқсат етілген шекті мөлшерінен асып кетуі туралы өңірлік сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінен мәлімдеді. Жылдың алғашқы тоқсанында картоп, сәбіз, қияр, пияз, қырыққабат, рожки, күріш, қант, күнбағыс майы, тұз, қарақұм жармасы, бірінші санатты жұмыртқа өнімдері бойынша бағаның шектен тыс өсірілгені анықталған. 

— Павлодар облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің материалдары негізінде жоспардан тыс тексерулер жүргізілді. Мәселен жеткізуші картоптың килограмын 170 теңгеден сатып алып, 201 теңгеден өткізген. Яғни 18%-ға дейін сауда үстемесін қосқан. Ал талап бойынша ол 15%-дан аспауы тиіс. Бұл ретте бағасы асырылған өнім бес сауда нысанына жеткізілген, бұл заң бұзушылықтың жүйелі сипатын көрсетеді. Жыл басынан бері сатушыларға 71 айыппұл салынды, — деп хабарлады департаменттен.

Жергілікті дүкендердің бірінде сәбізге қосылған сауда үстемесі 96%-ды құраған. Сатушы оны 130 теңгеден сатып алып, 255 теңгеден сатқан. Тағы бір жағдайда, қиярды 1650 теңгеден сатып алып, 2585 теңгеден саудалап келген.

Еске сала кетейік, әлемде азық-түлік бағасы үшінші ай қатарынан қымбаттап жатыр.