Павлодарда балаларға зорлық-зомбылық көрсетуге қатысты 27 қылмыс жасалған
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Облыста жыл басынан 20 баланың жыныстық қол сұғылмаушылық құқығы бұзылған. Оларға қарсы зорлық-зомбылық көрсету бойынша 27 қылмыс тіркелген.

Өңірде балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және құқықтары мен саламаттығын қамтамасыз ету мақсатында 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар, сондай-ақ балалар мен жасөспірімдер арасында буллинг пен қатыгездіктің алдын алу жөніндегі 2023-2026 жылдарға арналған Жол картасы іске асырылып жатыр. Кешенді жұмыстарға қарамастан жыл басынан жыныстық қол сұғылмаушылыққа қарсы қылмыстар өсе түскен.
- Жылдың алғашқы жеті айында жыныстық қол сұғылмаушылыққа қарсы 27 қылмыс анықталды. Қылмыстық әрекеттер жалпы саны 20 балаға қатысты жасалған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5% - ға жоғары. Ал кәмелетке толмағандар арасында суицид көріністерінің 10 дерегі тіркелді. Абырой болғанда өлім жағдайымен аяқталған суицид жайттары жоқ, - дейді Павлодар облысы білім беру басқармасы басшысының орынбасары Алма Айтуарова.
Білім беру басқармасы кәмелетке толмағандардың жыныстық қолсұғылмаушылығына қарсы құқық бұзушылықтардың және жасөспірімдер қылмысының алдын алу мәселелері бойынша кешенді жұмыстар жүргізіп отыр. Әрбір іс-шараға жауапты тұлғалар (қалалар мен аудандардың әкімдіктері, мемлекеттік органдар) бекітілген, облыста кешенді жоспарды іске асыру жөніндегі жұмыс тобы құрылған. Құқық бұзушылық жасаған, зорлық-зомбылық салдарынан зардап шеккен, әрекет жасаған немесе аяқталған суицид жасаған балалар мен жасөспірімдер туралы денсаулық сақтау органдарымен, полиция департаментімен ақпарат алмасу жолға қойылған.
Балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу, олардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету мақсатында Өңірлік психологиялық қолдау орталығы құрылған.
Орталықтың психологтары мен заңгері жыл басынан білім алушыларға, ата-аналар мен педагогтерге 800-ден астам кеңес берген. Тренингтермен 1400-ден астам адам қамтылған.
- Соңғы уақытта балалар арасындағы қылмыстың артуына бірнеше фактор әсер етуі мүмкін. Олардың ішінде әлеуметтік ортадағы теріс әсерлер, отбасындағы тәрбие үрдісінің әлсіздігі, ортаның жағымсыз әсерлері, сондай-ақ интернет пен әлеуметтік желілер арқылы берілетін теріс ақпараттар ерекше орын алуы мүмкін. Бұл мәселені шешудің жолдарына келсек, ең алдымен, отбасы және мектептің ролін жоғарылату керек. Балаларға дұрыс тәрбие беріп, олардың психо-эмоционалды дамуына қамқорлық жасау маңызды. Сонымен қатар, әлеуметтік жұмыстарды күшейтіп, жастарды жаман жолдан қайтаруға бағытталған бағдарламалар жүргізу қажет. Қоғамда, әсіресе, жастар ортасында оң мысалдар мен жағымды тәрбие үлгілерін кеңінен насихаттау керек. Ақпараттық қауіпсіздік жүйелері мен онлайн-қорғаныс шараларын да жетілдіріп, балаларды зиянды контенттен қорғау маңызды, - дейді Алма Айтуарова.
Жалпы кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық қол сұғушылық аса ауыр қылмыстар санатына жататынын және ол қоғам үшін аса қауіпті екенін айтуымыз керек. Мұндай қылмыс Конституциямен және халықаралық шарттармен кепілдік берілген баланың негізгі құқықтары мен бостандықтарын бұзады. Әрі кәмелетке толмағандардың денсаулығы мен психикасына ауыр зардаптар келтіреді.
Былтыр Павлодар облысында ағасы мен қарындасы жыныстық зорлыққа ұшырағаны туралы жазған болатынбыз.
Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов балаларға зорлық-зомбылықты лаңкестік қылмыспен теңестіру қажет деген ұсыныс айтқан.