Павлодарда бір аптадан соң көктемгі дала жұмыстары басталады
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Ал ауыл шаруашылық дақылдарын егудің оңтайлы мерзімі 5 мамыр — 3 маусым аралығына белгіленіп отыр.

Биыл Ертіс-Баян өңіріндегі болжамды егіс алқабы — 1 млн 687,3 мың гектар. Бұл өткен жылғы деңгейден 123,0 мың гектарға артық.
— Егіс алқаптарын әртараптандыруды жүргізу шеңберінде майлы дақылдар алқаптарын 93,2 мың гектарға ұлғайту жоспарлануда. Бұл майлы дақылдардың жалпы егіс алқабын жоспарлы көрсеткіштен 131%-ға немесе 395,6 мың гектарға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Оның ішінде күнбағыс алқаптары 21,1 мың гектарға ұлғайып, 349,1 гектарды құрайды. Ал жалпы өңірдегі көктемгі дала жұмыстарын фермерлер 8-10 сәуірден бастап кетуді ұйғарып отыр. Дән себу 5 мамыр — 3 маусым аралығына жоспарланған, — деп хабарлады өңірлік ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Дархан Досжанов.
Еске сала кетейік, еліміздегі егіс алқаптарында дрондарды кеңінен пайдалану ұсынылды.