Павлодарда бір топ сотқар бала жеті жасар жеткіншекті ұрып-соққан
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Оқиғаның бейнежазбасы әлеуметтік желіде тарады. Видеоны соққыға жығылған 7 жасар баланың анасы жібергені айтылған.

Анасының айтуынша, сотқарлар ұлын әуелі үйдің кіреберісінде соққыға жыққан. Кейін оны ауладағы ойын алаңына алып шығып, ұрып-соғуларын жалғастырған.
— Жас шамалары 8-12 жасар аралығындағы жасөспірімдер ауладағы балаларға тыныштық бермейді. Балағат сөз айтып, итеріп жібереді, кемсітіп, ұрып-соғады. Өзге балаларды жабылып ұрғанына талай куә болдық. Сотқар балалардың ата-аналары ешқандай шара қолданбай отыр, — деп қынжыла жазды анасы.
Аталған видеоға қатысты Павлодар облыстық полиция департаменті мәлімдеме жасады.
— Кәмелетке толмағандар ата-аналарымен бірге полицияға жеткізілген. Балаларын тәрбиелеудегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін заңды өкілдері әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Іс материалдары сотқа жіберілді, сот шешімі бойынша олар Павлодар қаласы әкімдігінің кәмелетке толмағандар ісі және олардың құқықтарын қорғау комиссиясына жолданады, — делінген полиция хабарламасында.
Еске сала кетейік, Павлодарда ер адам әйелі мен қызын ұрып-соғып, полиция қызметкерін жаралады.