Павлодарда бірнеше дүкен күріш бағасын өсіріп сатқан

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Тексеру барысында сауда нүктелері аталған өнімге үстеме бағаны 18,9 %-дан  53,6 %-ға дейін асырып жібергені анықталған.

рис
Фото: pixabay.com

Павлодар облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті сауда саласында 212 жоспардан тыс тексеру жүргізіп, оның ішінде 168 заң бұзушылықты тіркеген.

- Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша 5 дүкенді жоспардан тыс тексеру кезінде күрішке үстеме баға тым көп қосылып сатылып жатқаны анықталды. Мысал үшін кәсіпкер аталған өнімнің бір келісін сауда нүктесінен 410 теңге алып, оны 630 теңгеден сатқан. Сауда үстемесі 50 %-дан асып кеткен. Ал қолданыстағы заң 15%-ға дейін үстеме қосуға рұқсат береді. Нәтижесінде сауда нүктелерінің иелеріне айыппұл салынды, - деп хабарлады департаменттен.

Департамент өкілдері сондай-ақ тағы екі дүкенде қарақұмық пен жұмыртқаны да қымбатқа сатқанын анықтаған. Ал бір кәсіпкер сөреге өнімнің бағасын жазып қоймағаны үшін жауапқа тартылған.

2025 жылғы 13 наурыздан бастап ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 204-4-бабына өзгерістер енгізіліп, оған сәйкес әлеуметтік маңызы бар тауарларға шекті үстеме бағаны асырып қойғандарға жауапкершілік күшейтілген Мұндай жағдайда жеке тұлғаларға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 5, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 35, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 150 АЕК мөлшерінде айыппұл көзделген. Ал заң бұзушылықтар қайталанған жағдайда айыппұл мөлшері 300 АЕК-ке дейін жетуі мүмкін.

Бұған дейін тауардың жарнамадағы бағасы мен дүкендегі бағасы арасында айырмашылық болса, не істеу керек екенін жазғанбыз. 

Соңғы жаңалықтар