Павлодарда бұрынғы ядролық сынақ полигоны запастағы жер қорына енеді
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Бұл аумақтарда шалғайдағы мал шаруашылығын дамытуға, пайдалы қазбалар кен орындарын игеруге және су нысандарын пайдалануға мүмкіндік бар.
Бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонының 434 мың гектар жерін Май ауданының запастағы жер қорының санатына ауыстыру жоспарланып отыр.
— Биыл Курчатов қаласының 11 мың гектар аумағын Абай облысына беруге байланысты облыс пен елді мекендер шекараларын реттеу, сондай-ақ Павлодар облысының Баянауыл ауданы мен Қарағанды облысының Осакаров ауданы арасындағы көпжылдық жер дауын түпкілікті шешу жұмыстары аяқталуы тиіс. Сондай-ақ бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонының 434 мың гектар жерін Май ауданының запастағы жер қорының санатына ауыстыру жоспарланған, — деп хабарлады Павлодар облысының әкімдігінен.
Өңірде жайылымдық жерлер тапшылығы өзекті мәселе болып отыр. 80 ауылда жеке қосалқы шаруашылықтарға арналған жайылым тапшылығы — 109,9 мың гектар. Халықтың қажеттілігі үшін қазірдің өзінде 10,9 мың га жер қайта бөлінді. Жайылым тапшылығын жою бойынша Жол картасы әзірленуде, сондай-ақ жердің тозуы мен шөлейттенуіне қарсы шаралар, оның ішінде өнімділігі төмен учаскелерді шалғындандыру және бүлінген аумақтарды рекультивациялау бағдарламалары жүзеге асырылып жатыр.
Еске сала кетейік, Ақсу қаласында 2,6 млрд теңгелік жайылым жер мемлекетке қайтарылды.