Павлодарда дән себуге оңтайлы кезең 5 мамырдан басталады – агроғылым

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - «Павлодар тәжірибелік ауыл шаруашылығы стансасы» ЖШС аудандар бөлінісінде егіс науқанының мерзімін белгіледі.

Павлодарда дән себуге оңтайлы кезең 5 мамырдан басталады – агроғылым
Фото: Максат Шагырбаев/Kazinform

Өңірлік ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Дархан Дощановтың ақпарынша, биыл аймақта 1 665,6 мың гектарға тұқым себіледі және бұл өткен жылмен салыстырғанда 101,3 мың гектарға артық. 

- Егіс алқаптарын дайындау бойынша барлық агротехникалық жұмыстар уақтылы істелді, 179 мың гектар бумен өңделіп, 235 мың гектар жер жыртылды. Биыл егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру майлы дақылдар алқаптарын 25,9 мың гектарға және қарақұмық дақылдарын 5,3 мың гектарға ұлғайтуға бағытталған. Сондай-ақ, тұрақты жем-шөп базасын құру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аталған дақылдар бойынша алқаптар 46,5 мың гектарға ұлғайтылып, 292 мың дейін дейін жеткізіледі. 164,5 мың тонна тұқым сақталған, жоспар бойынша 100%, - деп хабарлады басқарма басшысы.

Диқандар мен агрокешен ғалымдары ылғал қорының көлемін, егіс алдындағы топырақты өңдеуді, тұқым себу стратегиясы мен тәсілдерін қарастырып жатыр.
«Павлодар тәжірибелік ауыл шаруашылығы стансасы» ЖШС-ның мамандары облыс аудандары бөлінісінде егіс науқанын жүргізу, яғни дән себуді 5 мамырдан 3 маусымға дейінгі аралықты жүргізуді ұсынып отыр.

Еске сала кетейік, Павлодар облысында егін шаруашылығына бөлінген субсидияның жартысын ірі шаруашылықтар иеленіп отыр.  Егін салумен 1 385 шаруашылық айналысса, оның 48-і ғана ірі шаруашылық (жалпы саннан 3,5 пайыз) болып есептеледі. Былтыр өңірге берілген 9,4 млрд теңгенің 4,7 млрд теңгеден астамын солар алған. Қалған бөлігін 1 337 фермер қанағат еткен.

Соңғы жаңалықтар